25 мая 2023 Қазақстан

Қазақстанда 2023 жылы суару жүйелерін шығаратын екі зауыт іске қосылады

Қазақстанда суару жабдықтарын өндіру бойынша жобаларды іске асыруға мүмкіндігі бар инвесторларды тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Биыл шетелдік инвесторлардың қатысуымен екі зауыт іске қосылады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Парламент Сенатының отырысында мәлімдеді.

"Израильдің Алматы облысындағы METZER PLAS компаниясы өз қаражаты есебінен осы күзде тамшылатып құбырлар шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ҚХР-ға жұмыс сапары аясында қытайлық VODAR компаниясымен жаңбырлатқыш машиналар өндірісі бойынша жобаны іске асыруды пысықтау бойынша меморандумға және жол картасына қол қойылды. VODAR жаңырлатқыш машиналар бойынша компаниясы озық компаниялардың бірі болып табылады. 2023 жылдың соңына дейін жаңбырлатқыш машиналарды жинау бойынша құрастыру цехын құру жоспарлануда. Бұдан басқа, компания Жетісу, Алматы, Павлодар облыстарында фермерлер үшін демонстрациялық алаң ретінде жаңбырлату машиналарын орнатуды жоспарлап отыр", - деді Қарашөкеев.

Тақырып бойынша оқу: Қытайлық VODAR Қазақстанда жаңбырлатып суару жүйелерінің өндірісін бастайды

Сондай-ақ, оның айтуынша, Атырау облысындағы AFKO түрік компаниясы биыл жаңбырлатқыш машиналар шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отыр.

АШМ басшысы облыс әкімдіктерінің алдын ала деректеріне сәйкес ағымдағы жылы 1,5 млн гектар суармалы жерді өңдеу жоспарланып отырғанын, бұл ретте соңғы алаңдар егіс жұмыстары аяқталғаннан кейін нақтыланатынын хабарлады.

Оның айтуынша, 1 млн 120 мың га немесе жердің 75% бораздалау тәсілімен суарылады, 278 мың га немесе 13,3% заманауи тамшылатып немесе жаңбырлатып суару пайдаланылады.

"Егіс алқаптарының құрылымында негізгі үлесті бидай, арпа сияқты дақылдар, сондай-ақ монодақылдар - мақта және күріш алады. Ағымдағы жылы өзге де жоғары рентабельді дақылдарға көшу есебінен мақта алқабын 14 мың гектарға азайту жоспарлануда. Сонымен қатар, күріш дақылдары бойынша күрт төмендеу әлі болған жоқ. Негізгі себеп - бұл дақылдың әлеуметтік маңыздылығы, сондай-ақ Қызылорда облысының (күріш өндірісінің негізгі өңірі) топырақтарының тұздануы", - деп атап өтті министр.