23 июня 2023 Қазақстан

АгроБанк фермерлер үшін кепіл мәселесін шешеді

Қазақстанда мамандандырылған АгроБанк құру бойынша ұсыныстарымен "Ауыл" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков әлеуметтік желілердегі парақшасында бөлісті.

Сарапшының пікірінше, несиелік серіктестіктер санын 10 есе көбейту керек, қазіргі 180-ден 1500-2000 - ға дейін, сонымен қатар ауылдық несиелік кооперативтер желісін құру қажет. Бұл ұйымдар АгроБанктің аудандық филиалдарының рөлін атқаратын болады.

- "АгроБанк-АНК туралы" ҚР Заңының жобасын әзірлей отырып, оған ауылдық несиелік кооперативтер (АНК) ұғымын енгізу және оларды құруды ынталандыру шараларын көздеу қажет. "Кооператив" ұйымдық-құқықтық нысаны ЖШС-мен салыстырғанда әлдеқайда демократиялық: жаңа пайшының АНК-ке кіруі немесе кооперативтен шығуы үшін өтініш жеткілікті, дауыстар "бір пайшы - бір дауыс" қағидаты бойынша тиесілі. Көптеген елдерде, соның ішінде Германияда, Францияда, Ирландияда, Ресейде АНК жұмыс істеу тәжірибесі өте зор, - деп атап өтті Төлеутай Рахымбеков.

Бұл ретте сарапшы ауылдық несиелік кооперативтер үшін де ортақ жауапкершілік қағидатын міндетті ету қажет деп санайды. Яғни, мүшелердің бірі несиені өтемеген жағдайда, барлығы банкке осы қарызды өтеуге міндетті. Бұл жұмыс форматы қазір несиелік серіктестіктерде қолданылады. Бұл ұйымның барлық қатысушыларын тәртіпке келтіреді, оларды несие беруге мұқият қарауға және өздеріне сенетін ауылшаруашылық тауар өндірушілерін ғана қабылдауға мәжбүр етеді.

- Дәл осы ортақ жауапкершілік - ауыл тұрғындары үшін кепілмен қамтамасыз етудің ең қолайлы құралы, - деп түйіндеді Төлеутай Рахымбеков.

Тақырып бойынша оқу: АгроБанк фермерлерге жылдық 2-4% несие бере алады - Рахимбеков