02 июля 2020 Қазақстан

Түркістан облысында 21 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жоспарланған

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мирзағалиев Түркістан облысындағы суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Министр Twitter-де жұмыс сапарының барысы туралы жазды.

«Облыста суармалы жерлердің көлемін ұлғайту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Жалпы облыста 536 мың га, оның 21 мың га қалпына келтірілуі керек. Осы мақсатта жаңа су арналарын қалпына келтіру және қайтадан салу бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деді Экология министрлігінің басшысы.

Ол облыста жалпы ұзындығы 736 км болатын 122 канал бар екенін айтты. Бұл жұмысқа 1500-ден астам жұмысшы қатысуда және қосымша мыңнан астам жұмыс орны ашылатын болады.

«Бұл стратегиялық міндет, оны іске асыру нәтижесінде ауылшаруашылық өндірушілер сумен қамтамасыз етіледі, аймақта өсірілетін ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі артады, ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі, халықтың жемістер мен көкөністерге деген импортқа тәуелділігі азаяды», - деді М.Мирзағалиев.

Сонымен қатар, министр Сардоба су қоймасындағы қалпына келтіру жұмыстарымен де танысты.

Бұған дейін Мағзұм Мирзағалиев Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраевпен Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы егістік алқаптарды суару мәселесін талқылаған болатын.

Естеріңізге сала кетерлік жағдай, биыл 1 мамырда таңертең, нөсер жаңбыр салдарынан Өзбекстандағы Сардоба су қоймасындағы бөгет жарылған болатын. Нәтижесінде Қазақстанның Түркістан облысы Мақтаарал ауданының шекарадағы су жинау торабы суға толып, бірнеше елді мекендерді су басып қалған болатын. Тұрғын үйлермен қатар жалпы ауданы 7 639 га болатын ауыл шаруашылығы алқаптары су астында қалған еді, олардың көп бөлігіне мақта егілген болатын, 297 мал қырылды. Фермерлерге келтірілген шығын көлемі 4 млрд 1 млн теңгені құрайды.

Осыған орай Түркістан облысының Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жарияланды.