Түркістанда жер департаментінің басшысы ұсталды
Түркістан облысының Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы сыбайлас жемқорлыққа күдікпен ұсталды. Бұл туралы Антикордың баспасөз қызметі хабарлады.
"Түркістан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР АШМ Түркістан облысының Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы мен оның көмекшісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Олар жеке кәсіпкерді 18 млн теңге көлемінде пара беруге итермеледі деп күдіктелуде", - деп хабарлады Антикор.
Ведомствоның мәліметінше, ақша Түркістанда коммерциялық құрылыс салу үшін жер учаскесін беруге жәрдемдесуге арналған.
Тергеу сотының санкциясымен күдіктілер қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Тақырып бойынша оқу: Форбс тізіміне кіретін кәсіпкерден Алматы облысында 3,5 мың гектар жер тәркіленді
Айта кетейік, биыл Цифрлық даму министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен және Әділет министрлігімен бірлесіп жер және жылжымайтын мүлік бойынша бірыңғай ашық деректер базасын іске қосты. "Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры" (ЖМБМК) жер учаскелерін онлайн сауда-саттық арқылы беруге мүмкіндік береді. Осылайша, жер учаскелерін берумен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылады.