04 сентября 2023 Қазақстан

Ауыл шаруашылығы министрі болып Айдарбек Сапаров тағайындалды

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрін ауыстырды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

"Сапаров Айдарбек Сейпеллұлы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалсын, ол бұрын атқарған қызметінен босатылсын", - делінген президент Жарлығында.

Ербол Қарашөкеев Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы қызметінен босатылды.

Айдарбек Сапаров 2022 жылдың желтоқсан айынан бастап Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып жұмыс істеді. 2019 жылдан бастап ол ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары болды.

Ол 1966 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Омбы ауыл шаруашылығы институтын, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін зооинженер, мемлекеттік басқару бакалавры мамандығы бойынша бітірген.

Бұған дейін "Азық-түлік корпорациясы" АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық өкілдігі директорының орынбасары, АШМ облыстық аумақтық инспекциясының бастығы болып жұмыс істеген. Сондай-ақ Шал ақын және Мағжан Жұмабаев аудандарының әкімі, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары болды.