Ақмола облысында екі астық тасығыш рельстен шығып кетті
Астана – Қарағанды-Сұрыптау теміржол учаскесінде (Аршалы – Анар аралығы) 16 қарашада бес вагонның рельстерінен шығып кетуі орын алды.
Оқиға салдарынан екі астық тасығыш рельстен доңғалақты жұппен шығып, үш жабық вагон бүйіріне құлады. Сондай-ақ, электр желісінің екі тірегі зақымдалған.
Рельстен шығудың себебі анықталуда.
«Қазақстан темір жолы» баспасөз қызметі хабарлағандай, вагондардың шығып кетуі 12.50-де жүк пойызы жүріп келе жатқанда орын алды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
«Басқа пойыздардың кешігуі жоқ. Пойыздардың қозғалысы көрші жолмен жүреді. Рельстен шығудың салдарын жою үшін Астана және Қарағанды бекеттерінен қалпына келтіру пойыздары жөнелтілді», - деп хабарлады ұлттық компания.
Бұған дейін екі астық вагондардың рельстен шығып кетуі 2022 жылғы желтоқсанда Қарағанды облысында, Қарабас бекетінің жанында, сондай-ақ 2023 жылғы қаңтарда Манкент бекетінде болған.