Катар Қазақстанның ауыл шаруашылығына 500 млн доллар инвестиция салады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Катарға сапары аясында жалпы сомасы 500 млн доллар болатын ауыл шаруашылығы секторындағы әріптестік туралы бірқатар келісімдерге қол қойылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, ElDala.kz хабарлайды.
Катарлық инвесторлар Қазақстанда өсімдік шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге инвестиция салуға ниетті. Катарлық Hassad Food компаниясы, түрік Tiryaki компаниясы мен «Бәйтерек» холдингі арасында келісімге қол қойылды, ол Ақмола облысында зауыт салу туралы уағдаластықты білдіреді. Бұл жоба 200 млн долларға бағаланады және астық пен бұршақты терең өңдеумен айналысады.
KAZAKH INVEST мәліметтері бойынша жоспарланған астықты өңдеудің жобалық қуаттылығы жылына 250 мың тонна бидайға дейін және жылына 100 мың тоннаға дейін бұршақ өндіруді құрайды. Бұл жобаны жүзеге асыруда катар тарапы Түркиядан технологиялық серіктес – Tiryaki Agro, сондай-ақ канадалық – Sunrise Foods International компаниясын тартуда.
Сонымен қатар, Dinara Group холдингі мен Qatar National Enterprises арасында ауыл шаруашылығын дамыту, құрылыс және инфрақұрылымдық даму, денсаулық сақтау және білім беру үшін стратегиялық инвестициялық әріптестік туралы шартқа қол қойылды. Қазақстан мен Орталық Азияның аграрлық секторын дамыту үшін бірлескен тікелей инвестициялар қорын құру жоспарлануда.
"Қол қойылған шарт шеңберінде Dinara Group холдингі қолданыстағы сүт, ет және өсімдік шаруашылығы өндірістерін кеңейтуді, асыл тұқымды мал басының өзіндік негізін дамытуды және қосымша сүт фермаларын салуды, сүт өңдеу және ірімшік өндіру зауытын салуды және дайын өнімді Қытай мен Таяу Шығыс елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр", - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Ведомствоның мәліметінше, инвестиция көлемі шамамен 300 млн долларды құрайды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Катар мемлекеті муниципалитетінің министрі Абдулла бен Хамад бин Абдулла Әл Аттиямен кездесу өткізіп, одан әрі ынтымақтастық жоспарларын талқылады. Атап айтқанда, Катарға қой еті мен дәнді дақылдарды жеткізу мәселесі талқыланды.
"2024 жылы Қазақстан Катарға қой етінің экспортын екі есеге арттыруға ниетті. Дәнді дақылдарға келетін болсақ, ведомство басшылары Иран арқылы Катарға логистиканы талқылады", - деп нақтылады Ауыл шаруашылығы министрлігі.