ҚР Премьер-Министрі инфляцияны 8%-ға дейін төмендетуді тапсырды.
Үкімет отырысы барысында Үкімет пен Ұлттық Банкке ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов инфляциялық қысымды төмендетуді және инфляция деңгейін 8%-дан аспайтын деңгейде қамтамасыз етуді тапсырды.
«Екі айдың қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде баяулап, 9,3%-ды құрады. Биыл Үкімет пен Ұлттық банк алдында оны 8%-дан төмен ұстау міндеті тұр», - деді Бектенов.
Ол күріш, жұмыртқа, жеміс-жидек, сусындар, май және макарон өнімдеріне бағаның өсуі байқалғанын хабарлады.
«Бұл өте көп позициялар және бағаның өсу пайызы өте сезімтал. Бұл орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіздігін білдіреді», - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Оның деректері бойынша, өңірлер арасында инфляцияның ең көп өсуі Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында тіркелген.
«Бұл жұмыста пәрменді тетіктерді: тұрақтандыру қорларын, форвардтық шарттарды, оффтейк-келісімшарттарды, өнім құнын арзандатуға субсидиялауды, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша сауда субъектілерімен келісімдерді белсенді пайдалану қажет», - деді Бектенов.
Сонымен қатар, оның айтуынша, импортқа тәуелді өнім өндірісін кеңейту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруге арналған басым дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту қажет.
«Өңірлердің әкімдері өнімсіз делдалдарды анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялар қызметінің тиімділігін арттыруы тиіс. Орталық және жергілікті атқарушы органдарға бақылауды күшейтуді және инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін сапалы орындау жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын», - деді премьер.
Ол жалпы Қазақстан экономикасы жыл басынан бері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2%-ға өскенін хабарлады. Экономиканың нақты секторында өсу серпіні байқалады. Барлық негізгі макро көрсеткіштер бойынша Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Абай облыстары мен Астананың өсуі байқалады. Ең төмен көрсеткіштер Маңғыстау, Атырау, Ақмола облыстары мен Алматыда тіркелді.
«Қазіргі өсу қарқыны оң, бірақ өсу қарқынын арттыру қажет», - деді премьер.