Қазақстан Әзірбайжанға ет экспортын бастады
Ағымдағы жылы Қазақстан Әзербайжанға бұқашықтарды, ет және құс етінің қосалқы өнімдерін экспорттай бастады. Сондай-ақ, елдер АӨК өнімдерінің мүдделі өндірушілерінің тізімдерімен алмасты және экспорт/импорт тауарларының санын көбейтуді күтуде. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2023 жылы Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы АӨК өнімдерінің сауда көлемі шамамен 50%-ға төмендеп, шамамен 75 млн долларды құрады. Осы аптада ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Әзербайжан АШМ басшысы Меджнун Гадир оглу Мамедовпен кездесіп, өзара сауданы ұлғайту әлеуетін талқылады.
Айдарбек Сапровтың айтуынша, ветеринариялық шектеулерді екі жақты тәртіпте алып тастау бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізілуде. 2023 жылғы ақпанда Әзірбайжанға асыл тұқымды және сойылған ІҚМ және ұсақ мал, дайын ет өнімдерін (консервілер, шұжықтар және т.б.) экспорттауға ветеринариялық сертификаттар келісілді. Өзара сауда желісін кеңейту үшін АШМ сүт және сүт өнімдеріне, құс еті мен құс шаруашылығы өнімдеріне қойылатын ветеринариялық-санитариялық талаптарды келісу жөніндегі жұмысты жалғастырады.
Сондай-ақ, Қазақстан күнбағыс майы, кондитерлік өнімдер, шоколад, сары май, балмұздақ, ет және ет өнімдері мен басқа да өнімдерді жеткізуге мүдделі. Бұл Қазақстанның экспорттық жеткізілімдерін 75 млн долларға кеңейтуге мүмкіндік береді. Өз тарапынан Қазақстан көрші мемлекеттен жемістерді, ерте пісетін көкөністер мен жаңғақтарды жеткізуге мүдделі.
Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы саласында неғұрлым белсенді инвестициялық ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Министр Әзербайжан әріптестерінің назарын АӨК секторындағы инвестициялық мүмкіндіктерге аударды. АШМ басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы жобаларды дамытудың маңыздылығын атап өтті – бұл астықты терең өңдеу, майлы дақылдарды, картопты, қант қызылшасын, жемістер мен көкөністерді, ет пен сүтті қайта өңдеу, сондай-ақ балалар тағамын өндіру.
Айдарбек Сапаров сонымен қатар 50% Азық-түлік келісім-шарт корпорациясына тиесілі Баку астық терминалына барды. Министр кәсіпорынның жұмысымен танысып, оның қазақстандық астық экспортын ұлғайтуға қосқан үлесі туралы оң пікір білдірді.