Шымкентте құны 4 млрд теңге болатын құс фабрикасы ашылды
Шымкент қаласының Еңбекші ауданында құны 4 млрд теңге болатын "Аймар құс" ЖШС жаңа заманауи құс фабрикасы ашылды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Бірінші кезеңде құс фабрикасы жылына 72 млн дана жұмыртқа немесе қала халқының жұмыртқа өніміне деген жалпы қажеттілігінің 42% өндіруге қабілетті. Инвестициялық жобаның жалпы құны 4 млрд теңгені құрады, 50-ден астам жұмыс орны құрылды.
Сондай-ақ, 1-санаттағы жұмыртқа бағасын тұрақтандыру мақсатында өндіруші "Аймар құс" ЖШС-мен "айналым схемасы" тетігі шеңберінде шарт жасалды. Форвардтық шарт жасасу арқылы кәсіпорын 1-санаттағы жұмыртқаларды қала аумағындағы сауда орындарына белгіленген бағамен жіберетін болады.
Құс фабрикасы тауық жұмыртқасын өндіру бойынша әлемдік биоқауіпсіздік стандарттары бойынша құрылған жаңа буын кәсіпорны болып табылады. Өндіріс жетекші еуропалық фирмалардың ең озық заманауи жабдықтарымен жабдықталған.
2026 жылға дейін мұнда құс фабрикасы құрылысының екінші кезеңін іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, мекиен тауықтарға арналған сегіз цех және жас құстарды өсіруге арналған бір цех салынады.
«2026 жылға қарай мекиен тауықтардың санын 660 мың басқа дейін жеткізу жоспарлануда, бұл өндіріс көлемін жылына 220 млн жұмыртқаға дейін арттыруға мүмкіндік береді», - деп толықтырды әкімдікте.