13:59 Мал шаруашылығы

Арқалықта желатин өндіретін зауыт салынады

Үкімет Қостанай облысының Арқалық қаласын, Амангелді және Жангелді аудандарын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Құжат 10 негізгі бағыт бойынша 51 іс-шараны қамтиды, деп премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Жоспарда агроөнеркәсіптік кешенді, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ кәсіпкерлік және инвестициялық белсенділікті қолдауға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Арқалықта 6 мың бас ірі қара малға модульдік репродуктор құру, желатин және биоактивті сүйек матриксын шығаратын зауыт салу, 10 мың бас қойға мал шаруашылығы кешенін және 6 мың басқа бордақылау алаңын салу жоспарлануда.

Бұдан басқа, жұмыртқа құс фабрикасын жылына 150-ден 300 млн жұмыртқаға дейін ұлғайта отырып кеңейту және жаңғырту жоспарлануда. «Arkalyk QUS» ЖШС құс фабрикасының негізін қалаушы Максим Божко кәсіпорынды екі кезеңнен тұратын жаңғырту жобасымен таныстырды.

«Ағымдағы жылы біз 70 млн жұмыртқаға арналған жаңа құс қораларын пайдалануға беруді және өзіміздің құрама жем зауытын салуды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы тағы 80 млн құсқа арналған құс қоралары іске қосылады. Екі кезеңді іске асыру қорытындысы бойынша құс фабрикасының қуаттылығы жылына 300 млн жұмыртқаға жетеді. Қазір бізде шамамен 250-270 адам жұмыс істейді. Кеңейту штатты 370 қызметкерге дейін ұлғайта отырып, 100-ден астам қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», — деді Максим Божко.

Кешенді жоспарды қаржыландыру және іске асыру жөніндегі кеңесте Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов ағымдағы 2026 жылға жалпы сомасы 78,4 млрд теңгеге 33 іс-шараны іске асыру жоспарланғанын хабарлады. Қазіргі уақытта іс жүзінде 39,2 млрд теңге бөлінді.

«Біз барлық жоспарланған жоспарлар мерзімінде жүзеге асырылуы үшін қажеттінің бәрін жасаймыз. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 8,8 млрд теңге бөлінді – бұл негізгі жобаларды толық көлемде қаржыландыруға мүмкіндік берді. Олардың ішіндегі ең бастысы – Арқалық әуежайының құрылысы. Бүгінгі күні қаржыландырумен әуеайлақ инфрақұрылымын қайта жаңарту, жолаушылар терминалын салу және қажетті жабдықтарды сатып алу толық қамтамасыз етілді. Жұмыстар қатаң түрде кесте бойынша жүргізілуде, осы жылдың тамыз айында нысан пайдалануға беріледі. Әуежайды іске қосу әуе қатынасын қалпына келтіріп қана қоймай, оның көліктік қолжетімділігі мен инвестициялық тартымдылығын едәуір арттыра отырып, өңірді дамытудың жаңа кезеңін ашады», — деп атап өтті Құмар Ақсақалов.