22 апреля 2024 Қазақстан

Рапс жапырақ жемірі Алматы облысында егінге қауіп төндіруде

Алматы облысы Кеген ауданының Қарабұлақ, Жылысай, Ұзынағаш ауылдық округтерінде рапс жапырақ жемірінің таралу ошақтары анықталды. Әзірге зиянкестерден тек арамшөптер зардап шекті. Оның одан әрі таралуын тоқтату үшін фермерлер егістіктерді өңдеуі керек. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Рапс жапырақ жемірі крестгүлділер (қырыққабат) тұқымдасының жабайы өсімдіктерімен, сондай-ақ шалқан, тарна, қырыққабат, шалғам, турнепспен қоректенетін зиянкестерге жатады», - деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігінде.

Рапс жапырақ жемірі өсімдіктер карантині бойынша іс-шаралар жүргізілетін карантиндік объектілер мен бөтен түрлердің тізбесіне кірмейді. Сондықтан фермерлер рапс жапырақ жеміріне қарсы фитосанитарлық шараларды дербес жүргізуге міндетті, бұл оның экономикалық зияндылық шегінен жоғары таралуына жол бермейді.

Қазіргі уақытта аумағында рапс жапырақ жемірінің дернәсілдері анықталған үш шаруашылықтың иелеріне фитосанитариялық іс-шараларды жүргізу қажеттілігі туралы нұсқама жазылды. АӨК аумақтық инспекциясының мамандары препараттарды қолдану бойынша ұсыныстар берді.

Қазіргі уақытта  дернәсілдерді жою мақсатында трактор және аспалы бүріккіштерімен химиялық өңдеу жүргізілуде, 7,5 га өңделді. Барлығы 600 га өңдеу жоспарлануда. Қажет болған жағдайда «Фитосанитария» РМК фитосанитариялық іс-шараларды жүргізу үшін қосымша техниканы ұсыну бойынша көмек көрсетеді.

Қорғау іс-шараларының өткізілуін аумақтық инспекциялар мен әкімдіктер бақылайды. Жұмысты үйлестіру үшін осы жерге ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Дархан Әбдікәрімов барды.

«Айта кету керек, зиянкестердің дамуы қоқыс алқаптары мен жайылымдарда таралды, арамшөптерден басқа зиян болған жоқ», - деп атап өтті АШМ.

Бұл ретте, ведомствода бүгінгі күні зиянкестерді анықтау мақсатында Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы 204,46 мың гектар алқапқа, оның ішінде Алматы облысы бойынша 2,120 мың гектарға фитосанитариялық мониторинг жүргізіп жатқаны хабарланды.