Қазақстанның үш облысында су тасқынымен күрес жалғасуда
Су тасқыны салдарын жою жұмыстары Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында жалғасуда. Сонымен қатар, Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздің батысындағы, шығысындағы, солтүстігіндегі және орталығындағы ірі су қоймалары толып жатқанын хабарлады. Жиналған су ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдалану үшін жіберіледі.
Атап айтқанда, Су ресурстары министрлігінің деректері бойынша Батыс Қазақстан облысының Орал-Көшім суару-суландыру жүйесіне 600 млн текше метр тасқын су жіберілді. Бұл 65 мың гектардан астам шабындық жерлер мен жазғы жайылымдарды сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жүйе бойында орналасқан су қоймаларын толтыруға мүмкіндік береді.
Тасқын сулар соңғы жылдары кеуіп қалған Еділсор, Жалтыркөл, Бірқазан, Соркөл, Салтанат және БҚО-ның басқа да су айдындарына жіберіледі.
«Біздің министрліктің міндеттерінің бірі – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте одан әрі пайдалану үшін су қоймаларында тасқын суды жинақтау. Көптеген аймақтардағы ірі су қоймалары 100% толы, бірақ бұл толып кету және су басу қаупі бар дегенді білдірмейді. Нормадан асатын су қауіпсіз көлемде өзендер мен каналдарға төгіліп, ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте пайдаланылады», - деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Сонымен қатар, су тасқыны кезінде Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 893 млн текше метр су жіберілді. Соның арқасында, тарихта алғаш рет бұл су Сарысу өзені арқылы Қызылорда көлдеріне жетті.
«Бүгінгі таңда Қызылорда облысының Телікөл көлдер жүйесінің белсенді толтырылуы байқалады, бұл өңірдің ауыл шаруашылығына жағымды әсер етуі тиіс. Бұдан әрі бұл су облыстың күріш алқаптарына бағытталатын болады», - деді бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева.