Ермек Кенжеханұлы ауыл шаруашылығы вице-министрі болып тағайындалды
Қазақстан Үкіметінің қаулысымен Ермек Кенжеханұлы ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін ол Түркістан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Ермек Кенжеханұлы 1988 жылы 3 қазанда Түркістан облысы Мақталы ауылында дүниеге келген. Рединг Университетін (Ұлыбритания) бітірген. Мамандығы - "Ауыл шаруашылығы саласындағы экономист" (2010). Инвестицияларды басқару магистрі (2011). 2013 жылы KOICA бағдарламасы бойынша Аджу университетінде (Корея Республикасы) "Бизнес әкімшілендіру" мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды.
Еңбек жолын 2011 жылы "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ-да кредиттік өнімдерді әзірлеу департаментінің менеджері болып бастаған. Әр жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігі инвестициялық жобалар және қаржы құралдары департаментінің инвестициялар басқармасының басшысы, Ауыл шаруашылығы министрлігі халықаралық ынтымақтастық және экономикалық интеграция департаментінің халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы лауазымдарын атқарды. 2019 жылдан 2021 жылға дейін Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының әкімі, 2021 жылдан 2022 жылға дейін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2022 жылдың қазан айынан бастап осы уақытқа дейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.