Қазақстанда астық тасымалы бірнеше есе қымбаттауы мүмкін
ҚТЖ ұлттық компаниясы магистральдық темір жол желілері (МТЖ) қызметтеріне жаңа тарифтік саясатты әзірлеу бойынша Жол картасын ұсынды. PWC корпорациясының кеңесшілерімен бірлесіп әзірленген құжатта жүк түрлері бойынша тарифтерді саралаудан бас тарту ұсынылады. «Атамекен» ҰКП-да өткен Жол картасының тұсаукесерінде салалық одақтар осы тармаққа қарсы шықты, себебі бұл бірқатар жүктерге тарифтердің бірнеше есе өсуіне әкеп соғады.
«Әлемдік тәжірибеде жүктердің түрлері бойынша сараланған баға нарықтың кез-келген моделінде қолданылады. Теміржол тарифі әрқашан төлем қабілеттілігіне байланысты. Қымбат (дайын өнім) және арзан (шикізат) жүктер ешқашан бірдей тарифтермен тасымалданбайды. Қазақстанда теміржол көлігі өндірістік инфрақұрылымның маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Теңізге шығудың болмауы және автомобиль жолдарының жеткіліксіз дамуы жағдайында жүктерді темір жол тасымалдауға арналған тарифтер салалардың ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне шешуші әсер етеді», - деп мәлімдеді «Атамекен» ҰКП.
ҰКП тарифтік құрылымның бұзылуы (бұл ретте жаппай жүктерді тасымалдауға арналған тарифтер бірнеше есе өседі), әсіресе күрделі геосаяси жағдайда, қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін жоғалтуға әкелетінін атап өтті.
Бұл қазақстандық экспорттаушылардың әлемдік нарықтағы позициясын айтарлықтай әлсіретеді және оларды ЕАЭО-ның басқа мемлекеттерінің өндірушілерімен салыстырғанда кемсітеді. ЕАЭО-ның барлық елдерінде және ҚР-мен көршілес елдерде жүк түрлері бойынша тарифтердің саралануы бар.
«ҰКП өңдеу өнеркәсібі, тау-кен металлургия кешені және агроөнеркәсіптік кешен салаларының жүк түрлері бойынша тарифтердің саралануын жоюға қарсы шоғырландырылған ұстанымын білдіреді. Тарифтердің саралануы жойылған жағдайда экспорттық өнімді тасымалдау құнының бірнеше есе қымбаттауының елеулі тәуекелдері бар, бұл отандық экономиканың тұрақтылығына қауіп төндіреді және өте жағымсыз әлеуметтік салдарға әкеп соғады», - деп мәлімдеді «Атамекенде».
Сондай-ақ, ҰКП ҚТЖ транзиттік тасымалдарды есепке алмай, республикаішілік және экспорттық қатынастарда тасымалдау жүзеге асырылатын МТЖ қызметтеріне жаңа прейскурант әзірлеудің шұғыл қажеттігін, ал МТЖ желісінің инфрақұрылымын дамыту отандық жүк жөнелтушілердің есебінен қамтамасыз етілетінін хабарлады.
Бұл ретте, ҚР Көлік министрлігінің деректері бойынша 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда темір жол көлігімен транзиттік тасымалдау көлемі іс жүзінде 20%-ға ұлғайды, бұл МТЖ көлік инфрақұрылымына қосымша жүктеме береді. Сондықтан жаңа тарифтік әдіснаманы қалыптастыру тәсілдері қазіргі уақытта реттелмеген және ҚТЖ кірістілігінің елеулі және тұрақты үлесін алатын ұлттық оператордың транзиттік әлеуетін ескеруі тиіс.
«Бизнес-қоғамдастық негізгі әдіснамалық мәселе «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның бірыңғай субъект ретінде МТЖ қызметтеріне кірістері темір жол тасымалының барлық құрамдас бөліктерін ескере отырып, Дүниежүзілік Банктің ұсынымына сәйкес «бірыңғай касса» қағидаты бойынша қалыптастырылуы тиіс деген ортақ пікір білдірді», - деп хабарлады «Атамекенде».
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов ҚТЖ-ның қиын қаржылық жағдайы мен дефолт қаупі туралы айтқан болатын.