Қазақстанда шегірткеге қарсы 1,8 млн гектардан астам жер өңделді
2024 жылы Қазақстан аумағында 2,5 млн га алаңда табын шегірткелерінің таралуы болжануда. 26 маусымға 1,8 млн га астам аумақ қорғау іс-шараларымен қамтылды. Өңдеуге 2500 адам жұмылдырылды, 427 бірлік арнайы бүрку техникасы пайдаланылуда, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Мамандардың айтуынша, қолданылатын препараттардың тиімділігі 85% құрайды.
Ақтөбе облысында ауқымды өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Аймақтағы итальяндық прус пен азиялық шегірткеге қарсы қорғаныс шаралары барлық 12 ауданда өткізіледі. Өңдеуге жоспарланған 784 мың гектардың 540 мың гектарына жұмыстар аяқталды, 74 бірлік техника жұмылдырылды.
Түркістан облысында химиялық өңдеу аяқталды, мароккалық шегірткеден 366 мың гектар жер өңделді. Жаңадан анықталған қосымша ошақтарды өңдеу жүргізіледі.
Қостанай облысында итальяндық прус пен азиялық шегірткеге қарсы 409 мың га өңделді, 130 қызметкер тартылды, 55 бірлік техника пайдаланылуда. Іс-шаралар жалғасуда. Ауыл шаруашылығы министрінің тапсырмасы бойынша өңірге АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Дархан Әбдікәрімов келді.
Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Абай облыстарында 505 мың га өңделген.
«Аграршылар өңдеуде қолдау көрсетеді: атап айтқанда, су тасымалдауға көмектеседі, шегіртке зиянкестері анықталған жерлер туралы хабарлайды», - деп атап өтті АШМ.
Ведомствоның ақпараты бойынша, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Ұлытау облысында химиялық өңдеулер жүргізуге жататын алаңдар анықталуына қарай басталады.
Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі шекара маңындағы аумақтардағы жағдайды бақылауда ұстайды.