Қазақстанда күнбағыс бағасы жоғары болмайды
Күнбағыс егістігінің кеңеюі мен өнімділіктің артуы нарықтағы ұсыныстың өсуіне әкеліп отыр. Биылғы маусымда Қазақстанда күнбағыс тұқымының өнімі 3 млн тоннаға жетеді деп болжануда. 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,5 млн тоннаны құраған еді.
Сонымен қатар, Ресейде күнбағыстан рекордтық өнім жиналуы Қазақстан нарығына қысым түсіреді. Күнбағыс тұқымын Қазақстанға жеткізуге тыйым салынғанына қарамастан, ресейлік май елімізге жеткізіледі. Бұдан бөлек, Ресей өнімі Орталық Азия елдеріне де экспортталады, бұл да баға қалыптасуына әсер етеді.
Сондықтан өткен маусымдағыдай күнбағыстың бағасы тоннасына 200 мың теңгеден асатын деңгейге жетеді деп күтудің қажеті жоқ. Мұндай пікірді ElDala.kz порталына берген сұхбатында «Б-Агро» компаниясының директоры Данил Воропай білдірді.
«Ресейде күнбағыстың бір тоннасы шамамен 28 мың рубль тұрады. Сондықтан Қазақстанда да баға осы деңгейге жуық, яғни тоннасына 150–160 мың теңге болады деп болжап отырмыз. Әрине, жаппай жинау науқаны аяқталғаннан кейін қазіргі бағадан сәл өсуі мүмкін. Бірақ өсім айтарлықтай жоғары болмайды», – деді Данил Воропай.
Осыған байланысты фермерлер қазір өндіріс экономикасын әр гектардан барынша мол пайда түсетіндей етіп жоспарлауы керек. Сонымен қатар тұқым таңдағанда оның бағасының тиімді болуына да назар аударған жөн.
«Б-Агро» компаниясы 2008 жылдан бастап Қазақстанда күнбағыс будандарының тұқымын еуропалық генетика негізінде өндіруді жергіліктендірді. Қазіргі уақытта компания желісінде күнбағыстың төрт буданы бар. Оның екеуі Clearfield Plus технологиясына арналған («Светлана КЛП» және «ЕС Генезис»), ал қалған екеуі Express технологиясы бойынша өсіруге арналған («Экселент» және НСХ8005).