Түркістан облысында мақта өңдейтін екі зауыт іске қосылды
«Түркістан тоқыма» ЖШС Түркістан облысы Отырар ауданындағы Сырдария ауылында мақта өңдейтін екі зауытты іске қосты. Осылайша, бүгінде ауылда компанияның төрт зауыты жұмыс істеп тұр. Алғашқы екі зауыт 2025 жылы іске қосылған болатын. Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мақта өңдеу зауыттары Turan арнайы экономикалық аймағының 76,2 гектар аумағында орналасқан. Төрт зауыттың құрылысына 17,129 млрд теңге инвестиция салынды.
Кәсіпорындарда мақта өңдеудің заманауи қытайлық технологиялары қолданылады. Өндіріс үдерісі шитті мақтаны қабылдау, тазалау, кептіру, мақта талшығын тұқымынан ажырату, престеу және дайын өнімді қаптау кезеңдерін қамтиды.
Жаңа кәсіпорындардың ашылу салтанатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірде мақтаны өсіру мен жинаудан бастап, оны терең өңдеуге, мақта талшығынан жіп иіруге және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қамтитын мақта-тоқыма кластері қалыптасып жатқанын атап өтті.
«Заманауи технологиялармен жабдықталған зауыттар жылына 320 мың тонна шитті мақтаны өңдеп, 110 мың тонна мақта талшығын өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар үшін 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Осындай ауқымды жобаны жүзеге асырып жатқан инвесторға және компанияның бүкіл ұжымына алғысымды білдіремін», – деді өңір әкімі.
Төрт зауыттың толық іске қосылуы өңірде шитті мақтаны терең өңдеу көлемін арттырып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге жол ашады. Сонымен қатар жаңа өндіріс орындары жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға, ауылдық аумақтардың экономикалық белсенділігін арттыруға және Түркістан облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.