Қостанай облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының қытайлық сұрыптары өсіріледі
Ауылшаруашылық дақылдарының қытайлық сұрыптары Қостанай облысындағы тәжірибелік алқаптарда өсіріледі: картоп пен бидайдың тоғыз сұрыпы, сояның бес сұрыпы, жүгерінің үш сұрыпы, рапс пен жоңышқаның бір сұрыпы. Жұмысқа А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ғалымдары мен Қытай солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің (NWAFU) магистранттары қатысады, деп хабарлады ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі
«NWAFU Қытайдың үздік 3 аграрлық жоғары оқу орындарының қатарына кіреді. Бізде студенттерді оқытуға да, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге де негізделген көп қырлы ынтымақтастық орнатылған. Қытайлық әріптестер біздің аймақта өсетін дақылдардың тұқымын таңдады. Шілде айының соңында серіктестік университетінің ғалымдары бізге тағы да зерттеулердің қалай жүріп жатқанын көруге келеді», - деді ҚӨУ ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің деканы Алмабек Нұғманов.
PhD докторы, ҚӨУ кафедрасының қауымдастырылған профессоры Әсия Ансабаеваның айтуынша, өңірге картоптың сұранысқа ие сұрыптарын енгізу және оларды өндірістік ауқымда өсіру жоспарлануда.
«Сынақтар үш жыл бойы өткізіледі. Мақсаты – биометриялық және сапалық көрсеткіштер бойынша үздік сұрыптарды анықтау. Түйнектердің сақталуы маңызды болып табылады, өйткені Қытайда бір жылда картоптың бірнеше өнімі жиналады, ал Қазақстанда қыста өсірілмейді», - деді Әсия Ансабаева.
Тәжірибе қорытындысы бойынша ғалымдар ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптарын шығаруды көздейді.