Қазақстан Солтүстік - Оңтүстік көлік дәлізін дамыту жөніндегі Жол картасына қол қойды
Қазақстан, Иран, Түркіменстан және Ресей 2024 - 2025 жылдарға арналған «Солтүстік - Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс бағытының әлеуетін ілеспе дамыту жөніндегі Жол картасына қол қойды. Құжатқа 19-20 шілдеде Ақтауда өтетін «Солтүстік - Оңтүстік» көліктік сауда-экспорттық форумы барысында қол қойылды. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл құжатты іске асыру 2027 жылға қарай дәліздің өткізу қабілетін жылына 15 млн тоннаға дейін, ал 2030 жылға қарай 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Парсы шығанағы порттарындағы терминалы бар және одан әрі Үндістанға шығатын «Солтүстік - Оңтүстік» көлік дәлізі зор мүмкіндіктер ашады және еліміздің экономикалық дамуының локомотивтерінің біріне айналуы мүмкін.
«Қазақстан 2030 жылға дейін жүк ағынының ең жоғары өсу әлеуетіне ие және Үнді мұхитына ең қысқа транзит үшін ең қауіпсіз болып табылатын Солтүстік-Оңтүстік ХКД Шығыс тармағын дамытуға белсенді қатысуды жалғастыруға ниетті. Сондықтан, Қазақстан, Ресей, Түркіменстан және Иран аумақтары арқылы өтетін «Солтүстік - Оңтүстік» ХКД Шығыс бағытының әлеуетін ілеспе дамыту бойынша бүгін қол қойылған Жол картасын іс жүзінде іске асыруға кірісу қажет», - деп атап өтті Көлік министрлігінің басшысы Марат Қарабаев..
Форумға 12 елден (Әзірбайжан, Армения, Ауғанстан, Ресей, Беларусь, Түрікменстан, БАӘ, Иран, Ирак, Оман, Өзбекстан) 440-тан астам қатысушы, экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) және Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) өкілдері қатысады.
Форум теміржол және автомобиль жолдарын, сондай-ақ «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізінің негізгі ойыншыларының қатысуымен порттарды дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған алаң ретінде қызмет етеді.