ҚТЖ Қазақстан ішінде азық-түлік тауарлары мен бидай тасымалдау тарифтерін 70%-ға төмендетті
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын республика ішінде тасымалдау кезінде магистральдық теміржол желісі мен тасымалдаушының қызметтеріне тарифтерге 0,3 (70% жеңілдік) төмендету коэффициентін ұсынғаны туралы хабарлады. Ұн тартатын және нан пісіретін кәсіпорындарға бидай тасымалдау кезінде де осындай жеңілдік беріледі.
«Шара әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 30-дан астам атауына қолданылады және отандық азық-түлік өндірушілердің көлік шығындарын төмендетуге, сондай-ақ ішкі нарықта азық-түлік бағасының өсуін тежеуге бағытталған», - деп ҚТЖ хабарлады.
Компанияның мәліметінше, жүк жөнелтушілердің теміржол тасымалына жұмсайтын шығыстары орта есеппен 40%-ға қысқарады деп күтілуде. Бұл баға тұрақтылығын қамтамасыз етудің және отандық тауар өндірушілер үшін теміржол тасымалының қолжетімділігін арттырудың қосымша құралы болады.