Қазақстанда наурыз көже негізінде сүт өнімі әзірленуде
Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ғалымдары дәстүрлі қазақ сусыны наурыз көже негізінде ферменттелген сүт өнімін әзірлеуге кіріседі. Ғалымдар жобасы 2026-2028 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыруға арналған Ғылым қорының конкурсының жеңімпазы атанды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Емдік қасиеті бар фитоингредиенттермен симбиотикалық микрофлораны ферменттеу негізінде жаңа сүт өнімдерін әзірлеу» жобасына 365 млн теңге көлемінде грант бөлінді. Нәтижесінде дәстүрлі наурыз көже негізінде функционалды сүт өнімін жасау жоспарлануда.
«Қымыздық саңырауқұлақтың симбиотикалық микрофлорасын және арнайы іріктелген емдік қасиеті бар фитоингредиенттерді пайдалану сусынның тағамдық құндылығын арттырып, пайдалы қасиеттерін күшейтуге әрі сапасын жоғалтпай сақтау мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Ғылым министрлігінде.
Жобаның ғылыми жетекшісі — техника ғылымдарының кандидаты Есмұрат Матеев. Технологияны әзірлеуге Марғұлан университетінің Биоценология және экологиялық зерттеулер ғылыми орталығының директоры Бибігүл Жұмабекова да қатысады. Университет ғалымдары бірнеше жылдан бері ферменттелген сусындарды зерттеумен айналысып келеді. Байқаудағы жеңіс ғылыми әзірлемелерді өндірістік деңгейде енгізуге жол ашады.
Үш жыл ішінде ғалымдар индустриялық серіктеспен бірлесіп әзірленген технологияны енгізіп, инновациялық өнімді нарыққа шығаратын болады. Инновациялық сусын өндірісі Жамбыл облысындағы өндірістік алаңда ұйымдастырылады. Сусынның алғашқы партиясын 2026 жылдың соңына дейін өндіру көзделген.