Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жерлерінің 75%-ы тозған
Қазақстанда топырақтың сарқылу процестері күшейе түсуде. Елде 90 млн гектарға дейін эрозияға ұшыраған немесе эрозияға қауіпті жерлер бар, оның 29 млн іс жүзінде эрозияға ұшыраған. Бұл туралы президенттің жарлығымен бекітілген ҚР-ның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында айтылған.
"Ғылыми зерттеулерге сәйкес, бүгінгі күні ауыл шаруашылығында пайдаланылатын топырақтың 75%-дан астамы тозған, зерттелген аумақтан қарашірігі аз егістік топырақтың үлесі 62,5%-ға жетеді. Мұның бәрі өнімділіктің төмендеуіне және қаржылық шығындарға әкеледі", - делінген жоспарда.
Топырақ жамылғысының тозуының негізгі себептері дақылдарды отырғызу кезінде ауыспалы егіс технологиясын сақтамау, сондай-ақ органикалық және минералды тыңайтқыштарды қолданудың жеткіліксіз деңгейі болып табылады. Қазақстанда енгізілетін тыңайтқыштардың көлемі салыстырмалы түрде төмен деңгейде және ғылыми негізделген нормалардың орта есеппен 23%-ды құрайды.
Ауыл шаруашылығы алаңдарын пайдаланудың тиімділігін арттыру үшін жер ресурстарының жай-күйіне толық зерттеу жүргізу және жерді сапалы (топырақ, геоботаникалық, агрохимиялық) есепке алу жоспарлануда. Аграрийлердің жерді сапалы зерттеп-қарауын жүргізу және мемлекетке тексеру нәтижелерін беру үшін ынталандырушы тетіктер енгізілетін болады.
Маңызды бағыттардың бірі жер ресурстары туралы әртүрлі ауыл шаруашылығы деректерін (спутниктік суреттер, жер кадастры платформасынан жерді тағайындау және пайдалану туралы деректер, жер жамылғысын зерттеу деректері, ауыспалы егіс схемалары және т.б.), сондай-ақ климаттық көрсеткіштерді (температура, ылғалдылық және т. б.) біріктіретін мемлекеттік цифрлық платформаны іске асыру болады. Тереңдетілген талдау негізінде оңтайлы дақылдар, ауыспалы егіс, қолданылатын тыңайтқыштардың, тұқымдардың, пестицидтердің деңгейі мен түрлері, суды пайдалану бойынша автоматтандырылған тәсілдер енгізілетін болады.
"Жер жамылғысын зерттеу деректерін талдау негізінде жердің жай-күйін талдаудың және жер жамылғысының теріс өзгерістерін болжаудың қазіргі заманғы әдістерін енгізу қажет, олар топырақтың қасиеттерін және жерді ауыл шаруашылығында пайдалану үшін жағдайларды жақсартуға бағытталған қалпына келтіру, мелиорациялық жұмыстар (құрғату, жырту, тырмалау, органикалық және минералды тыңайтқыштар енгізу және т. б.) жоспарын құруға негіз болады", - делінген жоспарда.