Ақтөбеде малшылар 1 млрд теңге субсидия мен несиені жымқырды
Ақтөбе облысындағы төрт шаруа қожалығының өкілдері мал шаруашылығын мемлекеттік қолдауға бөлінген 1 млрд теңгеге жуық қаражатты заңсыз иемденді. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, алаяқтық фактілері «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Аграрлық несие корпорациясында асыл тұқымды ІҚМ өсіру үшін несие беруді тексеру кезінде анықталған.
«Тергеу барысында төрт шаруа қожалығының өкілдері бола отырып, жалған құжаттарды пайдалана отырып, асыл тұқымды ІҚМ сатып алуға бөлінген мемлекеттік субсидиялар мен кредиттік қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған үш азамат анықталды. Құқыққа қайшы әрекеттермен мемлекетке жалпы сомасы 1 млрд теңгеге аса ірі мөлшерде залал келтірілді», - деп хабарлады ҚМА.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында келтірілген залал өтелді.
Аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін сот үкімімен үш фермер мүлкі тәркіленіп, бес жылға бас бостандығынан айырылды.