09:10 Қазақстан

Қазақстан Пәкістанға жылына 2 млн тонна астық жеткізуді ұсынды

Қазақстан биыл Пәкістанға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді екі есеге арттырды: қаңтар-тамыз айларында экспорт көлемі 7,7 млн долларды құрады. Пәкістан нарығында Қазақстаннан көкөністер мен дәнді дақылдар сұранысқа ие. Күтілетін жоғары өнімділікті ескере отырып, Қазақстан Пәкістанға жыл сайын 2 млн тоннаға дейін дәнді дақылдар жеткізу көлемін ұлғайтуға дайын. Бұл туралы ҚР Үкіметінің басшысы Олжас Бектенов Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифпен кездесуде мәлімдеді.

ҚР Үкіметінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ағымдағы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша Қазақстанның Пәкістанмен тауар айналымы 16% -ға өсіп, шамамен 40 млн долларды құрады. Қолданыстағы әлеуетті ашу үшін тараптар тауар айналымын әртараптандыруды жалғастыруға ниетті. Қазақстан Пәкістан нарығына жалпы сомасы 490 млн доллардан астам 85 тауар позициясы бойынша жеткізу көлемін ұлғайтуға, оның ішінде мұнай-химия, металлургия, химия, фармацевтика салаларының, сондай-ақ тамақ өнеркәсібі мен машина жасаудың жеткізілетін өнімінің номенклатурасын кеңейтуге дайын.

Транзиттік-көліктік салада теміржол жүк тасымалы көлемінің үш есе ұлғаюы және автомобиль көлігімен транзиттік тасымалдаудың төрт есе өсуі аясында Үкімет басшылары Қазақстан-Өзбекстан-Ауғанстан-Пәкістан қолданыстағы мультимодальды бағытын және Қазақстан-Түрікменстан-Ауғанстан-Пәкістан жаңа көлік дәлізін одан әрі дамыту келешектерін талқылады.