12:00 Қазақстан

СҚО-да құны 34 млрд теңге болатын май экстракциялық зауыт іске қосылады

«Масло-Дел Петропавловск» ЖШС құны 34 млрд теңге болатын жаңа май экстракциялық зауыттың құрылысын аяқтады. Өндірісті іске қосу ағымдағы жылдың қараша айының соңында жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі уақытта тұқымдарды алу, дайындау және қабылдау цехтарының, сондай-ақ сорғы мен қазандықтың құрылысы аяқталды. Жабдықтарды іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

"Зауытта жылына 370 мың тонна майлы дақылдар өңделетін болады. Зауыт өнімдеріне күнбағыс және зығыр майы, сондай-ақ күнжара кіреді. Сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін өндіріс кезінде суық сығымдау технологиясы қолданылатын болады", - деп хабарлады АШМ.

Кәсіпорында Германия, Бельгия және Түркияда өндірілген заманауи жабдықтар орнатылған.