Қазақстанда майлы дақылдардан авиаотын өндіргісі келеді
Қазақстанда техникалық майлы дақылдар негізінде экологиялық авиациялық отын (Sustainable Aviation Fuel, SAF) өндіру жөніндегі жобаны іске асыру мүмкіндігі қарастырылуда. Жобаның келешегін ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Гонконгтың Full Vision Capital (FVC), Towngas және EcoCeres компанияларының делегациясымен талқылады, деп ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
«Бұл жобаларды іске асыру пайдаланылмай жатқан жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тартуға, техникалық майлы дақылдардың егіс алқаптарын кеңейтуге, отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастыруға және ауылдық аумақтардың дамуына тың серпін беруге жол ашады», – деді Айдарбек Сапаров.
Кездесу барысында азық-түлікке арналған майларды пайдаланбай, ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі қалдықтарын шикізат ретінде пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды. Атап айтқанда, биокөмір (Bio-Char) өндіру және «жасыл» метанол өндірісі саласындағы бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделі екендерін алға тарта отырып, межелі жобалардың техникалық өлшемдерін жан-жақты пысықтау және оларды іске асырудың алдағы нақты қадамдарын айқындау жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.