08:00 Қазақстан

200 мың гектардан астам ауылшаруашылық жерлерін қайтару туралы талап арыздарды Қазақстанның соттары қарауда

2024 жылдың басынан бері Жер ресурстарын басқару комитеті 2,8 млн гектар аумақты қамтитын ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану бойынша 1,7 мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша 2,2 млн га аумақта жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 1342 ұйғарым берілді. Бұл туралы Комитет төрағасы Мұрат Теміржанов Facebook-те хабарлады.

“Бұрын берілген ұйғарым негізінде 311,3 мың га ауыл шаруашылығы жерлерін игеру басталды. Сонымен бірге 200,4 мың гектар аумақта пайдаланылмайтын жерлерді қайтару бойынша сот талқылаулары жүргізілуде", - деді ол.

Оның айтуынша, 368,5 мың га алқапта ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру туралы 875 заңсыз шешім анықталды, оның 84-і жойылды. Негізгі бұзушылықтар конкурстық рәсімдерді айналып өтуге және жалпыға ортақ пайдаланылатын жайылымдарды заңсыз бөлуге байланысты.

Жалпы, жыл басынан бері 2 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды, бұл 2024 жылғы жоспарды мерзімінен бұрын орындауға мүмкіндік берді.