Павлодар облысында киіктердің саны бес есеге өсті
2020 жылдан бастап Павлодар облысында киіктердің саны бес есеге артты. Бұл туралы АКҚ брифингінде орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев мәлімдеді.
«Ағымдағы жылдың сәуір айында Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы, Зоология институты, Охотзоопромның мониторингтік тобы жабайы жануарлар санының есебін жүргізді. 2020 жылмен салыстырғанда биылғы жылы киіктердің саны бес есеге жуық өсті. Бүгінгі таңда Павлодар облысы бойынша олардың саны 20 мыңнан астам», - деді Руслан Төлепбаев.
Мамандар мұндай оң динамиканы соңғы жылдары жүргізіліп жатқан табиғатты қорғау іс-шараларымен байланыстырады.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының айтуынша, 1 желтоқсаннан 31 желтоқсанға дейін жануарлар популяциясын сақтауға бағытталған «Ақбөкен» акциясы өтеді. Осы айда киіктердіі қорғау жөніндегі іс-шаралар күшейтіледі.
«Бұрынғыдай бұл жолы да киіктердің мекендейтін жерлерінде – Баянауыл және Май аудандарында, сондай-ақ Екібастұз және Ақсу қалаларында қауіпсіздік шаралары жүргізіледі. Акция барысында полиция қызметкерлері, «Охотзоопром» бірлестігінің қызметкерлері және біздің инспекцияның мамандары тартылады. Киіктерді, олардың етін немесе дериваттарын заңсыз сақтау, тасымалдау және жою үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламын», - деді Руслан Төлепбаев.