Әлемдік суару жүйесін шығарушы компаниялар Қазақстанға келетін болады
Қазіргі заманғы суару желілері Қазақстанда қолжетімді болуы тиіс. Бұл мәселе бүгін Үкімет отырысында көтеріліп, талқыланды.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, суды тұтынуды үнемдеу және су ресурстары технологияларына көшу үшін фермерлерге заманауи суару жүйелері құнының 50% субсидияланады. Бұл суды тұтынуды және орынсыз пайдалануды бірнеше есе азайтады.
«Сонымен қатар, Қазақстанға заманауи суару жүйелерін жасап шығару бойынша әлемдік компанияларды шақыру жұмыстары жүргізілуде», - деді С.Омаров.
Өз кезегінде экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ҚР-да 6785 шақырым суару желілерін қайта құру және салу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Бұл су шығынын 40-тан 17% - ға дейін немесе жылына шамамен 1,5 млрд текше метрге дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, цифрландыру мен суды есепке алуды кеңінен енгізу жоспарлануда. Пилоттық жоба қазірдің өзінде Түркістан облысындағы К-19 шаруашылық аралық каналында жүзеге асырылуда.
«Сынақ режимінде ауыл шаруашылық кооперативтерінің біріне су төленгеннен 2 есе көп су берілгені анықталды. Пилоттық жобаның жақсы жұмысына байланысты біз бірнеше жыл ішінде бүкіл ел бойынша арналарды цифрландыруды жоспарлап отырмыз», - деді министр.
Қазіргі уақытта Экология министрлігі әкімдіктермен бірге вегетациялық кезеңнің нәтижелеріне талдау жүргізіп жатқандығын, оның қорытындылары бойынша суды аз қажет ететін дақылдарға көшу және ылғал үнемдейтін технологияларды енгізу бойынша әкімдіктерге тиісті ұсыныстар жіберілетіндігін нақтылады. 2030 жылға қарай суды үнемдейтін технологиялар қолданылатын аумақты 750 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында атап айтқандай, елімізде суарудағы шығын 40%-ды құрайды.