Кеше Қазақстан

Атырауда қант өндіру жоспарлануда

«Голдбридж халықаралық компаниясы» ЖШС Атырау облысында қуаттылығы жылына 144 мың тонна қант өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Жобаны жүзеге асыруды облыс әкімі Серік Шәпкенов пен компания басшысы Лина Тайкен талқылады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Жоба тек облыстың ғана емес, жалпы еліміздің қантқа деген қажеттілігін өтеуге арналған. Біз Қытайдың жетекші қызылша ашытқы компаниясымен тәжірибе алмастық және оның технологиясын мұқият зерттедік. Олар біздің жобамызды қолдады және 80% инвестиция салуға дайын. Атырау облысында біздің жобаны іске асыру бір жарым жылға созылады. Егер ресми құжаттар уақытында дайын болса, 2026 жылдың жазында зауытты іске қосамыз және қанттан басқа өнімнің тағы төрт түрін шығарамыз», - деді Тайкен.

Сондай-ақ компания өкілі әкімнен жобаны жүзеге асыру үшін жер телімін беруге көмектесуін сұрады.

Өңір басшысы жобаны қолдап, қажетті қолдау көрсететініне сендірді.

«Біз үшін бұл қажетті әрі тиімді жоба. Атыраудың жерлері қызылша өсіруге қолайлы. Осындай жобалардың арқасында ішкі нарықты өз өнімдерімізбен қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына жол ашатынымызға сенімдімін. Біз өз тарапымыздан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге дайынбыз», — деді Шәпкенов.

Ол жер телімін беру нұсқаларын қарастыруды және үшжақты меморандумға қол қою үшін қажетті құжаттарды дайындауды тапсырды.