Түрік холдингі Қазақстанда екі қант зауытының құрылысына 500 млн доллар инвестиция салады
Cengiz Holding түрік холдингі Қазақстанда жалпы қуаты жылына 300 мың тоннаға дейін екі қант зауытын салуды жоспарлап отыр. Құрылысты 2026 жылы бастау, ал кәсіпорындарды екі жыл ішінде пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Әлеуетті алаңдар ретінде қант өндірісін дамыту үшін қажетті климаттық жағдайлары, инфрақұрылымы және жер ресурстары бар Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары зерттелуде»,,-деп нақтылады АШМ.
Жоба 10 жыл мерзімге 500 млн доллар көлемінде инвестицияларды көздейді. Оны іске асыру ішкі нарықты қантпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ ілеспе өндірістерді - жемшөп өнімдерін, тамақ өнеркәсібіне арналған ингредиенттерді, өнеркәсіптік спиртті және басқаларды дамытуға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Cengiz Holding холдингінің директорлар кеңесінің мүшесі Дженгиз Шабанмен кездесу өткізіп, жобаның жүзеге асырылуын талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша жобаны іске асыруда өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
«Жаңа қайта өңдеу қуаттарын құру және тұрақты шикізат қорын қалыптастыру - мемлекеттің негізгі басымдықтары. Cengiz Holding бастамасы азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін стратегиялық маңызды қадам болып табылады», - деп атап өтті министр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда төрт қант зауыты жұмыс істейді, оның үшеуі жылына жалпы қуаты 870 мың тонна қант қызылшасын өңдейді. Бұл ретте қантты жыл сайын тұтыну 500 мың тоннаға жетеді, ал отандық шикізаттан жасалған ішкі өндіріс қажеттіліктің 14%-ын ғана жабады.