Қазақстанның АШМ смарт-фермаларды мемлекеттік қолдау шараларын әзірлейді
Ауыл шаруашылығы министрлігі цифрлық технологияларды қолдану есебінен өндіріс тиімділігін арттыруды ынталандыруға ниетті. Яғни смарт-фермаларды мемлекеттік қолдаудың арнайы тетіктері әзірленеді. Бұл туралы үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
«Бүгінде 650-ден астам кәсіпорын цифрлық технологияларды қолданып отыр, 200-ден астам шаруашылық «смарт-ферма» санатына жатады, 112 сүт фермасында автоматты мониторинг, ал 30-дан астам бордақылау алаңында автоматты бақылау жүйесі пайдаланылады. Іс жүзінде автоматтандырылған сауу, бұзауларды автоматты азықтандыру, жанармайды бақылау және навигация жүйелері, агродрондар, ақылды суару жүйелері мен метеостанциялар қолданылуда. Келесі міндет – агроөндірушілерді цифрландыруды қолдануға ынталандыратын мемлекеттік қолдау шараларын қалыптастыру», – деді Айдарбек Сапаров.
Сондай-ақ саланы цифрландыру аясында елімізде өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығындағы өнімдердің қадағалану жүйелері, жер ресурстарын басқару жүйесі және мемлекеттік қолдаудың бірыңғай цифрлық терезесі енгізілуде.
Талқылау қорытындысы бойынша премьер-министр Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігіне барлық негізгі процестер мен салалық деректер өзара байланыстырылатын бірыңғай ұлттық цифрлық экожүйені әзірлеу жұмысын жеделдетуді тапсырды. Оның айтуынша, қазіргі таңда деректердің бытыраңқы болуы жердің жай-күйінен бастап өндіріс, мемлекеттік қолдау және өнімді өткізуге дейінгі толық көріністі қалыптастыруға мүмкіндік бермейді.
«Мемлекет нақты уақыт режимінде не, қай жерде және қандай көлемде өндірілетінін түсінуі тиіс. Ал мемлекеттік қолдау шаралары нақты деректер негізінде атаулы әрі ашық түрде көрсетілуі керек. Бұл өнімділікті арттырудың негізі болуы тиіс», – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне бір ай ішінде шаруашылықтардың цифрлық профиліндегі деректерді пайдалана отырып, бірінші кезекте проактивті форматқа көшірілетін мемлекеттік қолдаудың нақты шараларын айқындауды тапсырды.