Қазақстан ГФР-мен аграрлық ынтымақтастық аясында ниет туралы декларацияға қол қойды
Мемлекет басшысының Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары аясында Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Германия Федеративтік Республикасының Ауыл шаруашылығы, азық-түлік және өңірлік бірегейлік жөніндегі федералдық министрлігінің Мемлекеттік статс-хатшысы Маркус Шикпен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ниет туралы декларацияға қол қойды, деп Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның ақпараты бойынша, құжат мемлекеттік аграрлық саясат, ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерінің саудасы, цифрландыру және дәлме-дәл егіншілік, органикалық өндіріс, фитосанитария және ветеринария мәселелерін, сондай-ақ өзара іс-қимылдың басқа да бағыттарын қамтиды.
Кездесу барысында ведомство басшылары өзара саудада тауарлар түрін кеңейту, инвестициялар тарту, өндірісті жергілікті жерде жолға қою және қосылған құны жоғары жобаларды іске асыру бағытындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты. Сондай-ақ Қазақстан өнімдерін Еуропа нарығына шығаруға, оның ішінде жылқы етін Еуропалық Одақ елдеріне экспорттау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Қазақстан мен Германия арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды тетіктерінің бірі – 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан Қазақстан-Германия аграрлық-саяси диалогы. Биыл қыркүйек айында алтыншы кезеңі басталды. Бұл кезеңде Қазақстан Германияның сенімді серіктесі ретінде ғана емес, Орталық Азия елдерімен аграрлық саясат саласында тәжірибе және сараптамалық білім алмасуға арналған өңірлік алаң ретінде де қарастырылады.
Ықпалдастық бірнеше негізгі бағыт бойынша дамып келеді. Соның ішінде сүтті мал шаруашылығы саласында әріптестік айрықша нәтижелі болып отыр. 2019 жылдан бері сүт өндірісін тұрақты дамытуға бағытталған бірлескен жоба аясында Германия тарапы қазақстандық кәсіпорындарға консультациялық және сараптамалық қолдау көрсетуде. Осы уақыт ішінде 400-ден астам маман оқытылып, біліктілігін арттырды. Жобаны іске асыру мерзімі 2027 жылға дейін ұзартылды.
Технологиялық және өнеркәсіптік ынтымақтастықтың тағы бір маңызды мысалы – Германияның CLAAS компаниясы Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін жолға қойды. Жоба іске қосылғаннан бері жалпы құны 270 млрд теңгелік 2,1 мыңға жуық техника шығарылды.
Ынтымақтастықтың басым бағыттары қатарында тұқым шаруашылығы мен селекцияны дамыту, органикалық ауыл шаруашылығын ілгерілету, цифрландыру және дәлме-дәл егіншілік технологияларын енгізу, ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ технологиялар трансферін жүзеге асыру бар.
«Бүгінде Қазақстан мен Германия аграрлық саладағы жекелеген табысты жобалардан өзара іс-қимылдың неғұрлым тығыз әрі кешенді форматына көшіп отыр. Декларацияға қол қою инвестициялар тартуға, технологиялар трансферін жүзеге асыруға және жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға берік негіз қалайды. Жинақталған әлеует пен өзара қызығушылық елдеріміздің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығын едәуір кеңейтуге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Сонымен қатар туындаған мәселелерді жедел шешу үшін жұмыс тобын құруды ұсынамын», – деді Айдарбек Сапаров.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Германия арасындағы агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің тауар айналымы 23%-ға артса, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 38%-ға өскен. Ал 2026 жылдың алғашқы жеті айында тауар айналымы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,8%-ға ұлғайды.