10:42 Қазақстан

Қазақстанда 2025 жылғы егіс науқанына 126 млрд теңгеге несие берілді

«Кең дала 2» бағдарламасы бойынша қазірдің өзінде 907 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 125,6 млрд теңгеге жеңілдетілген қаржыландыруға ие болды. Барлығы 1364 аграрийден шамамен 205,1 млрд теңге сомаға өтінімдер келіп түсті, оның ішінде 1253 ауыл шаруашылығы өндірушілерінен 195,5 млрд теңге сомаға өтінімдер жұмысқа қабылданды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша Аграрлық несие корпорациясында жылдық 5% жеңілдікті сыйақы мөлшерлемесімен қаржыландыру өткен жылдың 29 қарашасынан басталды. 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуді ерте қаржыландыруға 700 млрд теңгеге дейін бағыттау жоспарлануда, оның 560 млрд теңгесі нарықтық капитал көздерінен тартылатын болады.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров «Бәйтерек» холдингінің басшылығымен және холдинг құрамына кіретін қаржы институттарының өкілдерімен кездесу өткізді.

«Кездесу барысында егіс жұмыстарына несие алу кезінде фермерлерге қойылатын жекелеген талаптарды алып тастау мәселесі қаралды. Министрдің тапсырмалары «Байтерек» холдингінің жұмысына қабылданып, жақын арада қайта қаралатын болады», - деп түсіндірді АШМ.

Сондай-ақ, ынтымақтастықты кеңейту, жеңілдетілген несиелеу бағыттары, аграрлық секторға инвестициялар тарту мәселелері, агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттары бойынша «АНК» АҚ қаражатына іске асырылатын жобалар, қаржыландырудың жаңа тетіктері және 2025 жылға арналған жоспарлар талқыланды.

Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына қол жеткізу, аграрлық секторды қолдау бойынша жаңа бағыттарды енгізу және саланы қаржыландыру қарқынын күшейту қажеттілігі үшін ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.