Антикор Қостанай облысында пайдаланылмай жатқан жайылымдарды анықтады
Қостанай облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің мониторингі кезінде мал жаю жүргізілмеген 6 мың гектардан астам жайылымды анықтады. Тексеру нәтижелері бойынша жер пайдаланушылар осы учаскелерді мемлекетке өз еркімен қайтарды. Бұл туралы Антикордың баспасөз қызметі хабарлады.
«Арқалық қаласында мемлекет ұзақ мерзімді жалға берген жер учаскелері – ауданы 5 мың га және 1,2 мың га жайылымдар ауыл шаруашылығы жануарларының болмауына байланысты нысаналы мақсаты бойынша іс жүзінде пайдаланылмаған жер пайдаланушылар белгіленді, бұл ветеринария саласындағы уәкілетті органдардың мәліметтерімен расталады. Жер кодексінің 92-бабының 4-бөлігіне, 3-тармағына сәйкес, мұндай фактілер анықталған кезде жер учаскелері мәжбүрлеп алып қоюға жатады», - деп Антикорда хабарлады.
Сондай-ақ, ведомство 2024 жылы облыстық департаменттің тексеру материалдары бойынша Қостанай облысының арнайы мемлекеттік жер қорына жалпы ауданы 22 мың гектардан асатын пайдаланылмайтын жер учаскелері қайтарылғанын хабарлады. Жер телімдері Арқалық, Қарасу, Әулиекөл, Амангелді, Жітіқара, Қостанай, Қарабалық аудандары мен Б.Майлин ауданының аумағында орналасқан.