Үкімет фермерлер үшін салық жеңілдіктерін сақтайды
ҚР жаңа Салық кодексінің жобасын бүгін Мәжілісте вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ұсынды. Заң жобасына сәйкес, ҚҚС 16% деңгейінде белгіленіп, ҚҚС шегі 40 млн теңгені құраса, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіру ҚҚС төлеуден босатылады.
«Ауыл шаруашылығы өндірушілері бойынша бәрін сол күйінде қалдырамыз. Яғни, минус 70% жеңілдік қалады. Өңдеу өнеркәсібіне 20% КТС мөлшерлемесі бойынша салық салынады», - деді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, КТС-тың базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталады, бірақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін бұл мөлшерлеме 3% деңгейінде қалады. Қаржылық лизинг пен әлеуметтік сала үшін 10% КТС мөлшерлемесі ұсынылады.
«Біз арнайы салық режимдерін (АСР) реформаладық, бұл Кодекс жобасының ең көп талқыланатын мәселелерінің бірі. Арнайы салық режимдері айтарлықтай оңтайландырылады. Нәтижесінде үшеуі ғана қалады (қазір олардың жетеуі бар): өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа жеңілдікті режим, жеңілдетілген декларация негізінде АСР, шаруа және фермер қожалықтары үшін АСР», - деп Серік Жұманғарин нақтылады.
Үкіметтің бағалауы бойынша, салық реформасы нәтижесінде бюджет жылына қосымша 4-5 трлн теңге салық түсімін алады және өзін-өзі қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, өзгерістер инфляцияның өсуіне ықпал етеді.
«Өзгерістер инфляцияға әсер етуі мүмкін, бірақ бұл әсер уақытша болады және бір жылда таусылады. Біздің есептеулеріміз бойынша қосымша инфляция 2,5-3% дәлізінде болады», - деп Серік Жұманғарин хабарлады.