ЕАЭО-да фермерлерді қаржылық қолдау тетігі іске қосылады
Еуразиялық экономикалық комиссия агроөнеркәсіптік сектордағы бірлескен кооперациялық жобаларды және оның инфрақұрылымын қаржылық қолдау тетігін кеңейту мәселесін пысықтауда. Бұл туралы Қазақстанның Сауда министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, ЕАЭО елдерінің ауыл шаруашылығы саласының ағымдағы жай-күйін талдау негізінде және Қазақстан экономикасы үшін агроазық-түлік секторының маңыздылығын ескере отырып, мынадай басым бағыттар айқындалды:
- ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту;
- мал шаруашылығының тұрақты дамуы;
- ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу;
- агроөнеркәсіп кешенінің инфрақұрылымын дамыту.
“Бүгінгі таңда комиссия тараптармен бірлесіп ЕАЭО-ның нормативтік құқықтық қорына өзгерістер енгізу, оның ішінде қаржылық жәрдемдесу тетігінің негізгі шарттарын және агроөнеркәсіптік кешеннің кооперациялық жобаларын іріктеу өлшемшарттарын айқындауға тиіс Ереженің тиісті жобасын әзірлеуді қоса алғанда, жұмысты бастады", - деп атап өтті Сауда министрлігінде.
Атқарылған жұмыстың нәтижелері ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында жоспарланған Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшыларына ұсынылатын болады.
“Тұтастай алғанда, агроөнеркәсіптік кешенде қаржылық қолдау тетіктерін қолдану қазақстандық фермерлерге ЕАЭО елдерінің бизнесімен кооперацияда өз технологияларын дамытуға, жеткізудің және ресурстық қамтамасыз етудің тиімді тізбегін құруға мүмкіндік береді", - деп толықтырды ведомствода.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы ЕАЭО шеңберінде өнеркәсіп саласындағы бірлескен кооперациялық жобаларға қаржылай жәрдемдесу тетігі қолданысқа енгізілді. Бұл тетік ЕАЭО бюджеті есебінен қаржы ұйымдары беретін несиелер мен қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды көздейді. ЕАЭО елдерінің мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары агроөнеркәсіптік кешенге қаржылай жәрдемдесу тетігін кеңейту қажеттігін бірнеше рет атап өтті.