Қазақстанның сиыр етінің «сұр» нарығы жылына 1 трлн теңгеге бағаланды
Алып «сұр» ет нарығы Қазақстандағы ет өңдеу өнеркәсібінің дамуына қауіп төндіреді, өйткені заңды өңдеушілер салық төлемейтіндермен бәсекеге түсе алмайды. Бұл елдегі ет комбинатының қуаттылығы мен өңделетін шикізат көлемінің артпауының бір себебі. Бұл туралы MB4 ет өңдеу кәсіпорнының директоры Азамат Шалмағамбетов Facebook парақшасында хабарлады.
«Күн сайын Астанаға 300-ден 500-ге дейін сиыр етінің ұшалары әкелінеді, олардың аз ғана бөлігі - ветеринариялық анықтамалармен. Орта есеппен 180 кг ұшаны алсақ, тәулігіне 54 тоннадан 90 тоннаға дейін аламыз. Бір келісінің орташа бағасы 2600 теңгеге көбейтейік, ақшалай алғанда бұл 140-тан 234 млн теңгеге дейін. Ал жылына есептеп қарасақ, бір ғана сиыр етінің салық салынбайтын айналымының көрсеткіші Астанада жылына 51 млрд теңгеден асады. Бүкіл ел бойынша салық салынбайтын айналым 1 трлн теңгеге жақын», - деді Азамат Шалмағамбетов.
«Сұр» ет нарығының өсуінің қосымша триггері ҚҚС төлеу шегі төмендетілген кезде салық реформасы болды, деп атап өтті сарапшы.
«Салық реформасымен әбігерге түскен кезде біздің көптеген жеке мал өндірушілер етті «сұр», яғни базарда қолма-қол ақшаға сатуға көшті. Біздің сатып алу бағамыз делдалдардың бағасынан жоғары деген сөздерім оларды көп ынталандырмайды. Олар өздерінің жеке кәсіпкерлігі салық органдарына әшкере болады деп қорқады, өйткені біз «ақ» жұмыс істеп, Салық комитетіне барлық мәліметтерді тапсырамыз және олардан ҚҚС және басқа да салықтар кері күшпен алынады», - деп түсіндірді Азамат Шалмағамбетов.
Сарапшының бағалауы бойынша, ІҚМ басының шамамен 70%-ы ЖҚШ мен ШҚ-да шоғырланған. Дәл қазір олар «сұр» аймаққа кетіп жатыр. Мұның салдары - өңдеушілер үшін шикізат қорының қысқаруы, яғни ет өңдеудің барлық саласын дамыту үшін мәселелер туындайды. Осылайша, үкіметтің бір шешімі ет комбинаттары бірнеше жыл қатарынан шағын фермерлерді «ақ» дайындаушылармен жұмыс істеуге тарту бойынша жүргізген барлық жұмысты жоққа шығарды.