Түркістан облысында мақтаны терең өңдеуге шамамен 147 млрд теңге инвестиция салынады
Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жүргізілуде. Өңірде құны 146,8 млрд теңге болатын мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттау бойынша көпсалалы кешен құру бойынша ауқымды инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жоба үш кезеңде жүзеге асырылады. 2024 жылы тамшылатып суаруды пайдалана отырып, мақтамен 1,2 мың га егілді. Өнімділік гектардан 60 ц құрады. Ағымдағы жылы екінші кезең аясында 32 мың га алқап егіледі, қуаттылығы 45 млн к. м. үш мақта өңдеу зауытының, тамшылатып суару жүйелерін өндіру зауытының және тоқыма емес материалдарды өндіру фабрикасының құрылысы басталады.
2026 жылы мақта егіс алқаптарын 50 мың гектарға дейін жеткізу, сондай-ақ екі мақта өңдеу зауытының, тігін және бояу-әрлеу фабрикаларының құрылысын бастау жоспарлануда.
Түркістан облысына жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жобаның іске асырылуымен танысты.
Министр мақта шаруашылығы агроөнеркәсіптік кешеннің келешекті бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті. Оны дамыту үшін егіс алқаптарын кеңейтуді, заманауи агротехнологияларды енгізуді, шикізатты терең өңдеу үшін инфрақұрылымды дамытуды қоса алғанда, жүйелі тәсіл қажет.
«Ағымдағы жылы өңірде осы бағытта айтарлықтай прогреске қол жеткізілді. Егер 2023 жылға дейін тамшылатып суаруды қолдана отырып небәрі 2 мың гектар мақта өсірілсе, биыл бұл көрсеткіш 50 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Саланы дамыту үшін мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Біз мақта шаруашылығы саласындағы жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді Айдарбек Сапаров.
Ол жобаның барлық кезеңдерін іске асыруды жеделдетуді, қайта өңдеу кәсіпорындарының уақтылы құрылысын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ, министр «Gen Group Kazakhstan» ЖШС-де болды, онда 5 гектар алқаптағы жылыжайларда банан өсіріледі. Өткен жылы 385 тонна өнім жиналды, биыл мың тоннаға жуық өнім алынады деп күтілуде. Тамшылатып суару жүйесі қолданылады, барлық процестер автоматтандырылған. Банандардан басқа, олар лимон мен құрманы акклиматизациялаумен айналысады.