Шымкентте құны 650 млн доллар жылыжай кешені іске қосылды
Шымкентте түрік инвесторлары - Alarko Holding компаниясының қатысуымен салынып жатқан жылыжай кешенінің бірінші кезегі іске қосылды. ALSERA KZ жобасына инвестициялардың жалпы көлемі 650 млн доллады құрайды, деп Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шымкенттегі кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін жылына 155 мың тонна қызанақ өндіруге есептелген ірі жылыжай кешендерінің біріне айналады. Нысанды іске қосу аясында құрылыстың бірінші кезеңіне кіретін учаскеде қызанақ жиналды.
Жылыжай кешенінің құрылысы 2024 жылдың жазында басталды. Кешеннің жалпы ауданы 650 га, ал бірінші кезеңі 208 га құрайды.
Ағымдағы жылдың соңына дейін ауданы 40 га кешен учаскесі пайдалануға беріледі, бұл өндірісті кеңейтуге және ішкі нарықты жас көкөністермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бірінші кезең пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 2 мың жұмыс орны, ал бүкіл жоба аяқталғаннан кейін — 5 мың жұмыс орны құрылады.
Сондай-ақ, инвестормен ынтымақтастық аясында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін заманауи зертханасы бар мамандандырылған агроакадемиялық орталық құру жоспарлануда. Орталық аграрлық сала үшін білікті кадрлар даярлауды қамтамасыз етеді.
Кешеннің ашылуында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркия Қазақстанның АӨК саласындағы негізгі серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Бүгінде елімізде түрік инвесторларымен бірлесіп жалпы құны 1,1 млрд доллар болатын 14 жоба іске асырылуда.
«Бұл жобаны іске асыру - мемлекет пен бизнестің тиімді өзара іс-қимылының, инвесторлардың Қазақстанның экономикасына деген жоғары сенімінің және оның тұрақты дамуына деген сенімінің нәтижесі. Мұндай ынтымақтастық тәжірибе, технологиялар алмасу және аграрлық саладағы тауар айналымын ұлғайту үшін үлкен әлеует ашады. Біз бірлескен күш-жігер елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететініне сенімдіміз және жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде қажетті қолдауды қамтамасыз етуге дайынбыз», — деп атап өтті министр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын 200 мың тоннаға жуық көкөніс жинауды қамтамасыз ететін жалпы ауданы 1,3 мың га жылыжай жұмыс істейді. ALSERA KZ жылыжай кешенінің пайдалануға берілуімен елімізде жылыжай көкөністерінің жалпы өндіріс көлемі айтарлықтай артады, бұл азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және маусымаралық кезеңде импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.