Қазақстанда құны 22,5 млрд теңге болатын желатин өндірісі іске қосылады
Қазақстанда қуаттылығы жылына 7 мың тонна тағамдық желатин өндіретін зауытты Iskefe Holding түрік компаниясы салады. Инвестициялық жобаны іске асыруды ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров компанияның басқарма төрағасы Билял Алкочпен талқылады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Iskefe Holding жоғары технологиялық кәсіпорнының құрылысын 2026 жылы бастау жоспарлануда. Жобаның құны 22,5 млрд теңгені құрайды.
Министр жобаның қайта өңдеу саласын дамыту үшін стратегиялық маңызы бар екенін және былғары шикізатын қайта өңдеуге тарту үшін жағдай жасайтынын атап өтті.
Бүгінгі таңда Қазақстанда жылына 3,3 млн ірі қара мал терісі мен 3,1 млн ұсақ мал терісін өндіретін тері өңдеу саласында 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Алайда, өңдеудің нақты деңгейі төмен болып қалады: 2024 жылы шикізатының тек 5,9%-ы қайта өңдеуге жіберілді, 7,7%-ы экспортталды, 86,4%-ы талап етілмеген күйінде қалды.
«Жоба агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін маңызды. Жаңа зауыт шикізаттың едәуір көлемін өңдеуге тартуға, саланың тиімділігін арттыруға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік береді. Біз жобаны іске асыруға жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз», - деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Министр сондай-ақ, мемлекет тері мен жүнді қайта өңдеуді дамыту үшін инвестициялық субсидияларды, жүн қырқу пункттерін, жылжымалы кешендер мен жабдықтарды субсидиялауды, жүнді қайта өңдеуге тапсырғаны үшін фермерлерді субсидиялауды, салықтық жеңілдіктерді және т. б. қоса алғанда, кең қолдау шараларын көздегенін еске салды.
2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі Кешенді жоспар шеңберінде 70-тен астам жүн жинау пунктін және 200-ге жуық тері жинау пунктін құру көзделген, бұл қайта өңдеу кәсіпорындары үшін тұрақты шикізат қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
АШМ деректері бойынша бүгінгі таңда 1,1 млрд доллар сомасына түрік компанияларымен 14 бірлескен жоба бойынша жұмыс жүргізілуде, оның жетеуі сәтті іске асырылды.