Бараев атындағы АШҒӨО негізінде органикалық егіншіліктің аграрлық технопаркі құрылады
Қазақстанда А. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы негізінде өңірде органикалық егіншілік саласындағы алғашқы аграрлық технопарк құрылуда. Бұл туралы Қырғызстанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы министрлерінің кеңесінде сөйлеген сөзінде ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов мәлімдеді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, кеңесте органикалық ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылды, себебі бұл жаһандық сын-қатерлер жағдайындағы стратегиялық маңызды бағыттардың бірі. Бағлан Бекбауовтың айтуынша, Қазақстан бұл бағытты дәйекті түрде дамытып, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде органикалық егіншілікке 300 мың гектардан астам жер сертификатталған. Органикалық өнімнің негізгі экспорттық нарықтары – ЕО елдері: Германия, Нидерланды, Швейцария. Қазақстан органикалық бидай, жасымық, ноқат және майлы дақылдарды экспорттайды.
Қазақстанда саланың заңнамалық деңгейде дамуын реттейтін «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» заң қабылданды. Қырғызстанның тәжірибесі бойынша шағын фермерлер үшін ерікті кепілдік жүйесі (PGS) енгізілді. 2024-2025 жылдарға арналған органикалық ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі Жол картасы әзірленіп, іске асырылуда. Мемлекет органикалық өндірісті сертификаттау құнының 50%-на дейін субсидиялауды көздейді. Өңірде органикалық егіншілік саласындағы алғашқы аграрлық технопарк Бараев атындағы АШҒӨО негізінде құрылуда, ол ағымдағы жылы еуропалық сәйкестік сертификатын алады.
«Біз ТМҰ шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайтуға және мүше елдердің нарықтарында органикалық өнімдерді ілгерілету, органикалық өнімдер саласындағы стандарттар мен талаптарды үйлестіру, озық технологиялармен алмасу, кадрларды даярлау және қайта даярлау жөніндегі бірлескен жұмысты күшейтуге дайынбыз», - деді вице-министр.
Кеңес қорытындысы бойынша тараптар бірлескен коммюникеге қол қойды, онда аграрлық саладағы, әсіресе органикалық егіншілік бағытындағы ынтымақтастықты тереңдетуге өз міндеттемелерін растады.