Қазақстан астық экспорты үшін Эстония мен Латвия порттарын пайдалану туралы келісуде
Қазақстан Эстония және Латвиямен Балтық порттарын ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау үшін транзиттік тораптар ретінде пайдалану жөнінде келіссөздер жүргізуде. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Алешка Симкичпен кездесуде мәлімдеді, деп АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
«ЕО еліміздің АӨК саласындағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі болып табылады. 2024 жылы Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің сыртқы сауда айналымының көлемі 1,3 млрд долларды құрап, 7%-ға өсуді көрсетті. 2025 жылдың алғашқы 5 айында 11%-ға өсім тіркелді – 662,2 млн доллар. Біз экологиялық таза өнімдердің, атап айтқанда астық пен ұнның экспортын ұлғайту үшін айтарлықтай әлеуетке ие болып отырмыз және Еуропа нарығына астықтың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етуге дайынбыз. Осыған байланысты Эстония және Латвиямен Балтық порттарын транзиттік тораптар ретінде пайдалану жөнінде келіссөздер жүргізілуде», - деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Кездесуде жануарлардан алынатын өнімдерді экспорттау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда 20 отандық кәсіпорын ЕО-ға балық өнімдерін экспорттауға құқылы. Ара шаруашылығы кәсіпорындары бал экспорты мәселелерін пысықтауда. Ұлттық бақылау жоспарларын әзірлеуді және ветеринариялық-санитариялық талаптарды келісуді қоса алғанда, аквамәдениет және жылқы еті өнімдерін жеткізушілер үшін ЕО нарығын ашу бойынша жұмыс жалғасуда.
Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттарын, ветеринариялық-санитариялық өзара іс-қимыл мәселелерін, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық әріптестікті дамыту келешектерін талқылады.
ҚР АШМ деректері бойынша, қазіргі уақытта еуропалық компаниялардың қатысуымен ҚР-да жалпы құны 270 млн доллардан асатын бірнеше ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның ішінде - Алматы облысында премикс өндіретін зауыт және Қостанай облысында UBM Group құрама жем зауытын салу, Алматы облысында Carlsberg Group алкогольсіз сусындар өндіретін зауытты іске қосу және ALFASEED KFT құмай өндірісін оқшаулаумен тұқым шаруашылығы жобасы.
CLAAS, Amazone-Werke, SDF Group, Pöttinger еуропалық компанияларының кәсіпорындары табысты жұмыс істеуде. 2025 жылдың басынан бастап John Deere техникасын оқшаулау жобасы іске асырылуда.
«Біз еуропалық компаниялардың қатысуын кеңейту және ЕО-мен терең ынтымақтастық жөніндегі ұсыныстарға ашықпыз», - деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Өз кезегінде Еуропалық одақтың елшісі агроөнеркәсіптік саладағы ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін және ЕО-ның барлық талқыланған бағыттар бойынша Қазақстанмен өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға дайындығын атап өтті.