24 июля 2025 Қазақстан

ҚТЖ Трансқазақстандық теміржол дәлізін дамытуға қарыз тартты

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы үш жыл мерзімге 480 млн швейцариялық франкке дейінгі сомаға Abu Dhabi Commercial Bank және Deutsche Bank-пен синдикатталған қарыз тарту туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы ҚТЖ баспасөз қызметі хабарлады.

«Синдикатталған қарыз қаражаты Мойынты – Қызылжар учаскесін салуды, темір жол желісінің шамадан тыс жүктелген учаскелерін жаңғыртуды қоса алғанда, Транқазақстандық темір жол дәлізінің негізгі жобаларын аванстауға, сондай-ақ ҚТЖ ҰК-ның бұрын тартылған міндеттемелерін қайта қаржыландыруға бағытталатын болады», - деп компанияда хабарлады.

Трансқазақстандық теміржол дәлізін дамыту Қазақстанның Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы негізгі транзиттік торап ретіндегі ұстанымын нығайту үшін стратегиялық маңызы бар екені атап өтілді. Дәліз шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жүктерді жеткізу мерзімдерін қысқартуға, логистикалық шығындарды азайтуға, өңірлерде жаңа жұмыс орындарын құруға және сыртқы сауда бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді, осылайша ұлттық экономиканың тұрақтылығын және елдің транзиттік тартымдылығын арттырады.