Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК қызметкерлерінің зейнеткерлік жасын төмендетуді ұсынды
Бүгінгі таңда Қазақстанның АӨК-де кадрларға қажеттілік 6,5 мың адамды құрайды, оның ішінде салада 3,5 мыңнан астам білікті қызметкер жетіспейді. Салаға адамдарды тарту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы қызметкерінің мәртебесін арттыратын бірқатар әлеуметтік және экономикалық шаралар қабылдауды ұсынады.
«Соңғы жылдары заманауи ауыл шаруашылығы уақыт талаптарын ескере отырып, жаңғыртылып, неғұрлым технологиялық және өнімділігі жоғары болды, оның ішінде цифрландыру есебінен. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мәртебесі де өсуде, оны жалақыны көтеру, зейнеткерлік жасты төмендету, ауыл тұрғындарының әлеуметтік төлемдеріне ұлғайтылған коэффициентті қолдану есебінен одан әрі көтеру қажет. Бұдан басқа, ауылда тұрғын үй құрылысын субсидиялау нормативін ұлғайту мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Ұсынылған шаралар еңбек жағдайларын жақсартуға, жаңа кадрларды тартуға, ауылдағы адамдарды бекітуге мүмкіндік береді», - деді бүгін Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда 285,5 мың ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер шамамен 1 млн адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі бір жұмыспен қамтылғандарға шамамен 5 млн теңгені құрады, бұл 2023 жылғы (4,2 млн теңге) ұқсас көрсеткіштен 16%-ға жоғары. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында бұл өсім сақталуда және еңбек өнімділігінің 10,6%-ға артуы байқалады. Бұл динамика еңбек ресурстарына деген қажеттіліктің төмендеуіне әкеледі, әсіресе кейбір жұмыстардың маусымдылығын ескере отырып, тұрақты жұмыспен қамту бөлігінде.
Жұмыспен қамтуды ұлғайту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың ұйымдасқан шаруашылықтарға көшуіне жағдай жасайды. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 115 млрд теңге сомасына 17 мыңнан астам шағын несие берілді, ауылда 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Бұдан басқа, алдағы үш жылда жалпы құны 3,4 трлн теңге болатын АӨК-те 683 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, олардың іске қосылуы тағы 23 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бейіндік мамандықтарға талапкерлер үшін ауылдық квота барлық мемлекеттік білім беру тапсырысының 30-дан 35%-на дейін ұлғайтылды. Ауылдық квота бойынша оқыған түлектер оқу бітіргеннен кейін ауылда кемінде үш жыл жұмыс істейді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ауыл шаруашылығы өндірушілерін халықты жыл бойы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететін өндіріске тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Талдау нәтижелері көрсеткендей, 10-нан 50 мың гектарға дейінгі аумақ дала жұмыстары кезінде де, маусымаралық кезеңде де жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Қызметкерлердің бір бөлігі күзгі-қысқы кезеңде (жер жырту, қар ұстау және т.б.), екінші бөлігі мал шаруашылығында жұмыс істей алады. Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша, 115 жер пайдаланушыға 15 мыңға жуық жұмыс орнын құрумен осы шара қолданылуы мүмкін», - деп Аманғали Бердалин қорытындылады.