Кеше Қазақстан

Қазақстанда азық-түлік тауарлары бағасының мониторингі жүйесі іске қосылады

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және мониторингілеу үшін Тауарларды қадағалаудың ақпараттық жүйесін (ТҚАЖ) енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл туралы үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді.

«Қазақтелеком» АҚ бірлесіп тауарларды қадағалаудың ақпараттық жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске асырылуда, оның мақсаты тұрақтандыру және баға мониторингі тетіктерін цифрландыру арқылы халықты қолайлы бағамен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен ашық қамтамасыз ету болып табылады», - деп хабарлады министр.

Оның айтуынша, жоба нақты уақыт режимінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қорлары, жеткізу тізбегі бойынша жүкқұжаттар негізінде өнім көлемі туралы ақпаратты бірыңғай платформада біріктіруге мүмкіндік береді.

ТҚАЖ-не 99,72 млрд теңге сомасына 364 шарт енгізілді. 1436 заңды тұлға тіркелген (20 ӘКК мен Азық-түлік корпорациясын есептемегенде).

«Осы жүйенің негізінде біз делдалдар тізбегін және сатудың ашық емес схемаларын алып тастай отырып, өндірушілер, сауда желілері мен мемлекеттік органдар арасындағы тікелей цифрлық байланысты қамтамасыз ететін инновациялық агромаркетплейсті әзірлеп жатырмыз», - деп Сауда министрлігінің басшысы нақтылады.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, Қазақстанда импорттық тауарларды жаппай сатып алуды шағын және орта бизнес үшін ыңғайлы ету үшін онлайн-платформа іске қосылады.

«Жоспарларға цифрлық шешімдерді енгізу, процедураларды жеңілдету және тікелей арналар арқылы жеткізушілермен ықпалдасу, соның ішінде JD.com және Alibaba Group компанияларымен келіссөздер кіреді», - деді Арман Шаққалиев.

Премьер-министр Олжас Бектенов 1 қазанға дейін Көкшетау мен Павлодарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемелерін бақылауды күшейту жөніндегі пилоттық жобаны іске қосуды тапсырды. Сауда, Қаржы министрліктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп 1 қазанға дейін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жалпы жіктеуіші жүйесінде тауар топтарын бөлуді аяқтау тапсырылды.