Жетісу зауыттары қант қызылшасын тоннасына 40 мың теңгеден қабылдай бастады
Жетісу өңірінде Ақсу және Көксу қант зауыттары биылғы қант қызылшасының өнімін қабылдауға кірісті. Барлығы екі зауытта 528 мың тонна тәтті тамыр дақылдарын өңдеу жоспарлануда. Бұл туралы өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бүгінгі күні екі зауытта да өнім қабылдау басталды, әрі қарай өңдеуге дайын. Ақсу қант зауыты жүк көлігі кезегіне сәйкес тәулігіне 3 мың тоннаға дейін, ал Көксу қант зауыты кесте бойынша күніне 2 мың тонна қабылдауда. Жалпы алғанда, өнім 528 мың тоннаны құрайды деп күтілуде. Оның 292 мың тоннасы Ақсу қант зауытына, 236 мың тоннасы Көксу зауытына жөнелтіледі», - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.
Әкімдіктің мәліметінше, биыл өңірде қант қызылшасы шамамен 12,2 мың гектарға егілген. Қазір Ақсу, Алакөл, Сарқан, Ескелді және Көксу аудандарында өнім жинау жұмыстары басталды. Жинауға 113 комбайн мен 52 жапырақ жинағыш машина қатысуда. Комбайндардың қуаттылығы күніне 700 гектарға дейін жинауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 240 гектар жер қазылып, 10 мың тоннадан астам өнім жиналды, орташа түсім – гектарына 422,6 центнер.
«Жергілікті бюджет есебінен тапсырылған өнімнің тоннасы үшін субсидия ретінде 25 мың теңге субсидия төленсе, зауыттар тоннасына тағы 15 мың теңге береді. Нәтижесінде сатып алу бағасы 40 мың теңгеге жетеді. Сондай-ақ, қызылша өсірушілер сатып алынған тұқымдар, минералды тыңайтқыштар, пестицидтер үшін субсидиялар түрінде қолдау алады, оларға арзандатылған ЖЖМ, техника лизингке беріледі», - деді Нұрдәулет Кененбаев.
Оның айтуынша, облыста қызылша бағытындағы 25 сервистік-дайындау орталығы жұмыс істейді, онда 450-ге жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар.