Ресей Қазақстаннан зығыр мен жасымық әкелуге шектеулерді алып тастауды жоспарлап отыр
Ресей тарапы Қазақстаннан зығыр тұқымы мен жасымық импортына фитосанитариялық шектеулерді алып тастауды, сондай-ақ Ресейде сақтау үшін дәнді және бұршақ тұқымдас дақылдардың транзитін қамтамасыз етуді қарастыруға дайын екенін білдірді. Бұл туралы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның XXVI отырысының қорытындысы бойынша белгілі болды, деп ҚР үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тараптар жоғары өнімділігі, сыртқы факторларға төзімділігі және жақсартылған сапалық сипаттамалары бар ауыл шаруашылығы дақылдарының бәсекеге қабілетті жаңа сұрыптарын шығару жөніндегі бірлескен жұмысты талқылады.
Ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлікпен өзара сауда көлемін кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сонымен қатар, ҮАК-та тараптар көліктік өзара іс-қимыл мәселелерінің кең ауқымын талқылады. Атап айтқанда, қыркүйек айында Достық-Мойынты учаскесінде екінші жолдардың іске қосылуына және Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша транзиттің жоспарлы өсуіне байланысты теміржол көлігі көлемін арттыру келешектері қарастырылды. Қазақстан-Ресей өткізу пункттері арқылы өтетін жүктердің көлемін бірлесіп бағалау туралы, сондай-ақ екіжақты және транзиттік қатынаста жүк ағынын ұлғайту үшін «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамытуға одан әрі жәрдемдесу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Қазақстандық тарап сондай-ақ 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Ресейдің көші-қон заңнамасындағы өзгерістерге байланысты қазақстандық автотасымалдаушылардың мәселелері туралы сұрықты көтерді. Жаңа нормаларға сәйкес, шетелдік азаматтардың Ресейде тіркеусіз болу мерзімі бір жыл ішінде 180-ден 90 күнге дейін қысқарды. Ресей тарапы халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын қазақстандық жүргізушілердің бұрынғы болу мерзімін 180 күнге дейін қайтару жөніндегі мәселені тез арада шешуге жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Отырыс қорытындысы бойынша делегация басшылары Үкіметаралық комиссияның XXVI отырысының хаттамасына қол қойды. Комиссияның келесі отырысы 2026 жылы Омбыда (Ресей) жоспарланған.