16:28 Қазақстан

Қазақстан Арменияға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу туралы уағдаласты

Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Армения Экономика министрлігі ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Қол қою Армения премьер-министрі Никола Пашинянның Астанаға сапары аясында өтті, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Сонымен қатар, екі елдің үкіметтері 2026-2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Жол картасына қол қойды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тараптар өзара сауда көлемін ұлғайту және тауарлар номенклатурасын кеңейту туралы уағдаласқанын атап өтті. Қазақстан армян нарығына жалпы сомасы 350 млн долларға тауар ұсынуға дайын. Оған ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу де кіреді.

«Қазақстан Арменияға тұрақты негізде жоғары сапалы астық өнімдерін және басқа да тауарларды жеткізуге дайын. Біз осы бағытты одан әрі дамыту үшін барлық қажетті күш-жігерді жұмсауға келістік. Басым міндеттердің бірі екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу және әуе жүк тасымалдарын ұйымдастыру болып табылады. Бұл салада нақты жоспарлар бар, тараптар жақын арада оларды жүзеге асыруға кіріседі», – деді Қазақстанның президенті.

Ол сондай-ақ жақында Арменияға қазақстандық бидайдың алғашқы партиясы жеткізілгенін атап өтті.

«Мен Әзірбайжан басшысына санкцияларды алып тастау және өз елінің аумағы арқылы тікелей екіжақты саудаға жағдай жасау туралы шешім қабылдағаны үшін алғыс айтамын. Ағымдағы жылдың қараша айында Әзірбайжан аумағы арқылы Арменияға 1 мың тонна мөлшерінде қазақстандық бидайдың бірінші партиясы жеткізілді. Бұл бастаманың ерекше саяси және экономикалық маңызы бар», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.